НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АЙАРУ АЛТЫНБЕККЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шахматтан 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлемнің үш дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері (FIDE Master) Айару Алтынбекті арнайы қабылдады. Қабылдауға чемпионның атасы Ақжігіт Исабек пен әкесі Әлібек Амантаев та қатысты.
Облыс басшысы жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, Алтынбекті еліміздің атын әлемге танытып жүрген мақтанышымыз екенін атап өтті.
– Айару – Түркістан облысының тумасы. Бүгінде көк туымызды халықаралық аренада желбіретіп жүр. Біз осындай талантты жастарды әрдайым қолдаймыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Әкім Айаруға алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстап, спорттағы жеңістерін жалғастыра беруіне тілектестік білдірді. Өз кезегінде чемпионның әкесі мен атасы өңір басшысына қолдау үшін алғыс айтып, алдағы халықаралық жарыстарға қатысу мәселесін көтерді.
Айару Алтынбек бәсекелестігі жоғары шахмат спортына деген қызығушылығын айтып, отанның сенімін ақтау – басты мақсаты екенін жеткізді. Сондай-ақ, Түркістан қаласының сәулетіне ерекше тәнті екенін білдірді.
📌 Айару Алтынбек – 2011 жылы Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылында туған. Ол – әлемнің үш дүркін чемпионы (2023 – Батуми, 2024 – Лима, 2025 – Родос), Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, 2025 жылғы «Queens Chess» халықаралық турнирінің жеңімпазы. Қазіргі таңда 13 жасқа дейінгі әлемдік рейтингте 1-орында тұр.
Айта кетейік, Түркістан облысында шахматты дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс аумағындағы 20 спорт мекемесінде 97 жаттықтырушы 2475 спортшымен тұрақты айналысуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2023–2027 жылдарға арналған арнайы Жол картасы жүзеге асырылып келеді.





