Отырарлық өнерпаздар «Өнерлі өлке» фестивалінің келесі кезеңіне жолдама алды

Түркістан. Облыс орталығында дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің іріктеу кезеңі өтті. Мәдениет пен өнерді дәріптейтін бұл шарада Отырар және Жетісай аудандарының шығармашылық ұжымдары өзара бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен отырарлық өнерпаздар келесі кезеңге жолдама алды.

Фестиваль аясында қатысушылар ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлттық аспаптар ансамблі, эстрадалық ән, вокалды-аспаптық топ, би өнері, әжелер ансамблі мен салт-дәстүр көріністері жанрлары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Кеш көрермендерге ұлттық рух пен салт-дәстүрдің маңызын сезіндіріп, ерекше әсер қалдырды.

Сахналық қойылымдармен қатар, мәдени шара барысында отырарлық қолөнер шеберлерінің туындылары, өңір өнерпаздарының шығармалары, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.

Биылғы фестивальдің форматы жаңартылып, байқау үш кезеңге бөлінді. Алғашқы айналымда аудан-қалалар жеребе арқылы жұптасып, үздіктер іріктеледі. Ақтық кезеңде ең үздік шығармашылық топтар анықталмақ. Қатысушылардың өнері ұлттық нақыш, жанрлық ерекшелік, сахналық мәдениет пен ұйымдастырушылық деңгей бойынша бағаланады.

Қазылар алқасының құрамында мәдениет саласының үздіктері мен өнер қайраткерлері:

  • Мейіржан Алиакбаров – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры,
  • Мұқағали Кенжетайұлы – ақын, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы,
  • Тұрар Тілеулиев – айтыскер ақын, Халықаралық айтыс ақындары одағының облыстық филиалының төрағасы,
  • Әлімбай Ботақараев – композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушысы,
  • Ақниет Әмзехан – облыстық мәдениет орталығының хореограф маманы.

Айта кетейік, фестиваль Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Облыстық мәдениет басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр-шілде айлары аралығында өтуде. Шараның басты мақсаты — ұлттық өнерді ұлықтау, халық шығармашылығын дамыту және жас буынға рухани тәрбие беру.