Сайрам ауданында су тапшылығын шешу жолдары қарастырылды

Сайрам ауданында су тапшылығы мәселесі күн тәртібіне шықты. Аталған түйткілді тақырып Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің өңірге жасаған жұмыс сапары аясында кеңінен талқыланды.
Министр аудан әкімі Арман Сабитовпен бірге бірқатар каналдардың жай-күйімен танысып, нақты шешімдер қабылдау үшін талдау жұмыстарын жүргізді. Аудан басшылығы қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайын тұрған Әсіл, Бауарық, Теспе, Аламан, Сай-Манкент және Төменгі Аққала каналдарын бетондау қажет екенін атап өтіп, осы бағытқа қаржы бөлу мәселесін көтерді.
Кездесулер барысында Нұржігітов жергілікті шаруалармен және кәсіпкерлермен де пікір алмасып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Ол су тапшылығының биылғы климаттық жағдаймен тығыз байланысты екенін айтып, халықты түсіністік танытуға шақырды.
Министрлік тарапынан кезең-кезеңімен қолға алынатын жобалар аясында су инфрақұрылымын жаңарту, каналдарды қайта құру және суды тиімді пайдалану бойынша нақты шаралар атқарылатыны мәлімделді. Жауапты органдар бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстайтын болады.





