Отырар: Шаруалардың мәселесі – басты назарда

Шаруалардың мәселесі – басты назарда
Пресса24.kz тілшісі хабарлайды

Ағын су – тіршілік өзегі. Осыны басшылыққа алған Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бүгін Шәуілдір бас тоспасына арнайы барып, аудандағы су тапшылығы мәселесін талқылады. Әкім «Д.Алтынбеков» және «Көкмардан» каналдары арқылы берілетін судың лимитін арттыру жолдарын сала мамандарымен бірге қарастырды.

Ауданның экономикалық негізін ауыл шаруашылығы, соның ішінде егін шаруашылығы құрайды. Ал су тапшылығы – осы саланың ең өткір әрі шешімін күттірмейтін түйіні. Әсіресе каналдардың соңғы бөлігінде орналасқан елді мекендерде жағдай күрделі. Аудан басшысы бұл түйткілді тарқату үшін су деңгейін тұрақты бақылауда ұстау, кезекшілік жүйесін енгізу және суды тиімді бөлу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Қайрат Жолдыбайұлы шаруалармен тілдесу барысында: “Ағын судың жетіспеушілігі – жай ғана техникалық мәселе емес, бұл – әр отбасының күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін жағдай. Сондықтан бұл жұмысты жіті бақылауда ұстаймын”, – деп атап өтті.

Шаруаларға қажетті суды уақытында жеткізу – әкімдіктің басым бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таппақ.