САЙРАМДА БОКСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР БАСТАУ АЛДЫ

САЙРАМДА БОКСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР БАСТАУ АЛДЫ
Сайрам ауданына қарасты Жібек жолы ауылында 2012–2015 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық ашық турнир өтуде. Бұл жарыс Құдайбергенов Нұрсұлтан Жұмабаевичті еске алуға арналып, оның есімін құрметпен жаңғыртуды мақсат етеді. Турнирді «Ақсу жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастыруда.
Салтанатты ашылу рәсіміне ауыл әкімі Жиенбай Дарған, аудандық спорт бөлімі өкілдері, спорт ардагерлері мен Нұрсұлтан Құдайбергеновтің отбасы мүшелері қатысты. Қонақтар жас спортшыларға жеңіс тілеп, турнирдің тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды.
Төрт күнге созылатын жарысқа облыстың түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық жас боксшы қатысуда. Жарыс 20 салмақ дәрежесі бойынша өткізіліп жатыр. Бұл дода – тек спорттық шеберлікті шыңдайтын ғана емес, жас ұрпақты патриотизмге, табандылыққа баулитын тағылымды алаң.