САЙРАМДА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ ПУНКТІ АШЫЛДЫ

 

Түркістан облысы Сайрам ауданының Қарамұрт ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Жаңа нысан өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және өрт қаупіне қарсы шараларды күшейтеді.

Пункт заманауи өрт сөндіру техникасы, байланыс құралдары және тәулік бойы кезекшілік атқаруға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ауыл тұрғындары мен жергілікті еріктілердің қызмет көрсетуі арқылы Қарамұрт, Низамабад және Аққала ауылдарының қауіпсіздігі нығаймақ.

Жаңа бекет «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде ашылған бірқатар нысанның бірі болып табылады. Бұл бастама шалғай елді мекендерде азаматтық қорғаныс жүйесін дамытуға және төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған маңызды қадам болып саналады.