ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МҰНАЙ ӨНІМДЕРІНІҢ БАҒАСЫ ТҰРАҚТАНДЫРЫЛЫП, ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДАУ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Түркістан облысында мұнай өнімдері нарығындағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету және заңсыз тасымалдаудың алдын алу бойынша кешенді шаралар қолға алынуда.

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Тұрашбековтің тапсырмасымен Кәсіпкерлік және сауда басқармасы Қазығұрт және Сарығаш аудандарында арнайы мемлекеттік органдардың қатысуымен мониторинг жұмыстарын жүргізді. Бұл тексерулер нарықтағы бағаның шарықтауын болдырмауға және мұнай өнімдерін заңсыз экспорттау әрекеттерін анықтауға бағытталған.

Аудан әкімдіктері мен сауда бөлімдеріне жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру және заңсыз тасымалға жол бермеу бойынша нақты тапсырмалар берілген. Мониторингке облыстық көлікті бақылау инспекциясы мен Полиция департаментінің қызметкерлері тартылып, тасымалдаушы көліктерге арнайы тексеру шаралары жүргізілді.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасы өңірдегі мұнай өнімдері нарығын тұрақты бақылауда ұстап, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау және заңсыз тасымалдауға жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған. Осылайша, тұрғындарға жанар-жағармайдың қолжетімді бағасын сақтау және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.