САРЫАҒАШ: ДЕРБІСЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

САРЫАҒАШ: ДЕРБІСЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округінде тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізіп, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Аудан басшысы алдағы кезеңде жүйелі жұмыстар жалғасатынын, әрбір мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
– Әрбір тұрғынның көтерген мәселесін қарастырып, тиісті шараларды қабылдаймыз. Барлық жұмыстар маңыздылығына қарай жүзеге асады, құрғақ уәде бере алмаймын. Алдағы уақытта ауданды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту жұмыстары қарқынды жалғасатын болады, – деді Арман Абдуллаев.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз су және өзге әлеуметтік мәселелерді көтеріп, заң аясында нақты жауап алды. Бұған дейінгі кездесулерде айтылған ұсыныстар негізінде арнайы іс-шара жоспары әзірленіп, бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Дербісек елді мекенінде 30 көшенің жалпы ұзындығы 29 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Жөндеу жұмыстары О.Жандосов, Қ.Сәтбаев, С.Сейфулин, А.Рахметов, С.Садыков, А.Молдағұлова, Е.Омарханов, И.Жүнісбеков, Б.Тұрдықұлұлы, Қожагелді ата, К.Пралиев, Б.Бектасұлы, Қажымұқан, Амангелді, Абай, Ғ.Мұратбаев, Түктібай ата, А.Құралов, Қ.Төлешов, О.Мамбетов, Н.Абдиров, Жаңа жол, Т.Абдрахимов, Шапағат, Шоңғара ата, Р.Сейтімбетов, Бәйтерек, Ж.Жабаев, №1 және №2 көшелерінде жүзеге асырылды. Жұмыстарды мердігер мекемелер – «АРТД групп» ЖШС және «Байырқұм» ЖШС орындады.
Ауыз сумен қамту бағытында қосымша жабық су жүйесі (гидрант) орнатылып, Р-3 су көзін пайдалану бойынша келісімшарт жасалды. Бұл шара нәтижесінде елді мекен тұрғындары сапалы ауыз сумен толық қамтылды.
Сонымен қатар, №76 жалпы орта мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. №22 Елшібек батыр атындағы жалпы орта мектептің бастауыш бөлімінде жаңа модульді асхана құрылысы аяқталып, мектепке табысталу жұмыстары жүргізілуде.
Атамекен елді мекенінде бір күнде 24 адамды қабылдай алатын медициналық тірек толық пайдалануға берілді. Нысанның мердігері – «Барыс Строй-2030» ЖШС. Сонымен қатар, Т.Қожахметов көшесінде көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен инфрақұрылым сапасы артты.
Жүйелі жүргізілген бұл шаралар Дербісек ауылдық округінің тұрғындары үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты көрінісі болып отыр, ал алдағы кезеңде инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғасады.





