Сарыағаш: Көктеректегі су жүйесі мен канализация қайта тазартылмақ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бүгін өңірдегі маңызды инфрақұрылым жобаларын аралап, кәріз жүйелерінің жұмыс барысымен танысты. Ол сарқынды суларды тазарту жүйесінің үзіліссіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді міндеттеді.

Сапар барысында әкім Көктерек кентінде іске асырылып жатқан «Көктерек кентінде канализациялық тораптарды және тазарту имараттарын қайта құру (түзету-2)» жобасының орындалу деңгейін тексеріп, құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Аталған жобаның іске асуын үйлестіру тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы С. Қарақұловқа жүктелді.

Сондай-ақ, КНС жанындағы қосалқы буландырғыш бассейнге ағынды суды ағызуды тоқтатып, барлық сарқынды суларды негізгі буландырғышқа бағыттау туралы нақты нұсқаулар берілді. Осыған байланысты “Сарыағаш-Аман” ЖШС жаңа диаметрі 280 мм болатын құбыр желісін іске қосу жұмыстарын жүргізді.

Одан бөлек, аудан әкімі Сарыағаш қаласындағы кәріздік сарқынды суларды тазалау станциясының жұмысын да қарап шықты. Қазіргі уақытта бұл станция тұрақты режимде қызмет атқаруда, техникалық тұрғыдан ешқандай ақау тіркелмеген. Жауапты мамандар өз жұмыстарына тиісті деңгейде қарауда.

Аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту және экологиялық қауіпсіздікті сақтау — бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты екенін атап өткен жөн.