Сарыағашта 300 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы қарқын алды

Сарыағаш қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектеп құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған нысан Б.Оспанов көшесінде орналасқан.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңында болып, мердігерге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, еден мен қабырғаларға кафель төсеу, желдету жүйесін орнату және қаптау, ішкі электр желілерін тарту жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар ғимараттың сыртқы қасбетін әрлеу мен аумақты тегістеу қатар жүріп жатыр.
Мектеп құрылысы аудан тұрғындары үшін қолайлы білім беру жағдайын жасауға, оқушы орын тапшылығын азайтуға және білім сапасын арттыруға бағытталған.





