Сарыағашта Астана күніне орай кең ауқымды тазалық акциясы өтті

6 шілде – Астана күні қарсаңында Сарыағаш ауданында кең көлемді тазалық акциясы ұйымдастырылды. Таңғы сағат 8:00-де аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бастамасымен өткен сенбілікке аудан тұрғындары, жастар, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер және түрлі мекеме өкілдері жаппай қатысты.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында қолға алынған бұл шара тек мерекелік сипатпен шектелмей, ауданның барлық елді мекендерінде бір мезгілде ұйымдастырылды. Сенбілік барысында аудан орталығы мен ауылдардағы ішкі көшелер, саябақтар, демалыс орындары мен қоғамдық аумақтар күл-қоқыстан тазартылып, қураған шөптер шабылды. Сонымен қатар, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың бойы тазартылып, ағаштардың бұтақтары кесіліп, санитарлық жағдай ретке келтірілді.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев сенбілікке шыққан жұртшылыққа алғысын білдіріп, еліміздің бас қаласы – Астана күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол:
– Атаулы күн аясында ұйымдастырылып отырған бұл сенбілік – бір жағынан туған жерге деген сүйіспеншілігіміздің көрінісі. Тазалық – тек бір күндік шара емес, бұл – өмір сүру мәдениетіміздің ажырамас бөлігі болуы керек. Біз табиғатты қорғап, қоршаған ортаны аялауға әрдайым басымдық беруіміз қажет. Мұндай шаралар ауданымызда жүйелі түрде жалғасады, – деді.

Сенбілікке қатысқан жастар мен еріктілер де туған өлкенің тазалығына өз үлесін қосып, бір күн бойы белсенді еңбек етті. Олар «Таза қала – таза болашақ» ұранын ұстанып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын насихаттады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен биыл елімізде «Таза Қазақстан» республикалық науқаны бастау алды. Оның негізгі мақсаты – ел тұрғындары арасында экологиялық жауапкершілік пен табиғатқа деген жанашырлықты арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін дамыту. Осы бастаманы қолдаған Сарыағаш жұртшылығы елдік мүдде жолында бірлесе әрекет етудің үлгісін көрсетті.

Тазалық – тіршіліктің тірегі. Сарыағаштықтардың бүгінгі әрекеті – туған өлкені аялау мен құрметтеудің жарқын мысалы. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасып, ауданның көркейіп, экологиялық ахуалының жақсаруына негіз болмақ.