Сарыағашта бес елді мекенге таза ауыз су жетті

Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаевтың тұрғындармен есептік кездесуі Жібек жолы ауылдық округінде өтті. Жиын барысында аудан басшысы 2025 жылы өңірде атқарылған әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобалардың қорытындысын жариялап, алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстардың негізгі бағыттарын таныстырды.

Кездесу басталар алдында аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындар тарапынан көтерілген өтініштер мен ұсыныстар заң талаптарына сәйкес қаралып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Әрбір мәселенің орындалуы бақылауға алынатыны атап өтілді.

Жиында аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Шермат Ибрагимов сөз сөйлеп, өкілді органның бір жыл ішінде қабылдаған шешімдері мен атқарылған жұмыстарын баяндады. Ол алдағы уақытта жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған бастамалар жалғасатынын жеткізді.

Ауылдық округ аумағында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылған. Жібек жолы елді мекеніндегі Абай, И.Қарақұлова, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Базар жырау және Бейбітшілік көшелерінде орташа жөндеу жүргізіліп, жол сапасы жақсарды. Сонымен қатар, Абай көшесінде балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Сарқырама мен Қарабау ауылдарында кіші спорт және воркаут алаңдары орнатылып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды.

Округ тұрғындары үшін маңызды жобалардың бірі – ауыз су жүйесінің құрылысы. Жібек жолы, Зортөбе, Сарқырама, Жаңақұрылыс және Қарабау елді мекендерінде ішкі су желілері тартылып, бес ауыл сапалы ауыз сумен толық қамтылды. Бұл шара тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған.

2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, тұрғындардың ұсыныстары негізінде қосымша жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Жібек жолы елді мекеніндегі Ақбердиев көшесінде орналасқан кіші футбол алаңы ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұған қоса, осы аумақта воркаут және балалар ойын алаңдарын салу көзделген. Ұлан көшесінің 1,1 шақырым бөлігіне орташа жөндеу жүргізу үшін аудандық бюджеттен қаржы қарастырылған.

Жаңатұрмыс ауылында елді мекен аумағын кеңейту мақсатында бас жоспарға 4,2 гектар жер телімін енгізу жұмыстары атқарылуда. Сонымен бірге, Майлықожа көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының жарық шамдарын жөндеу жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталған.

Жоспарланған шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру ауылдық округтің инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі арта түседі.