Сарыағашта жылыжай шаруашылығы қарқын алып келеді

Сарыағашта жылыжай шаруашылығы қарқын алып келеді,-деп хабарлайды Пресса24.кз.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жемісті ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары аясында Жемісті елді мекенінде орналасқан «Түймебай» шаруа қожалығының өндірістік қызметімен танысты. Сапар барысында шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы, жылыжай кешенінің жұмыс жүйесі және өндірістік көрсеткіштері сараланды. Аудан басшысы кәсіпкердің еңбегін жоғары бағалап, аграрлық сектордағы мұндай бастамалардың өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті.

Шаруа қожалығының жетекшісі – Бахтияр Қарабаев. Кәсіпкер иелігіндегі жер көлемі 2 гектарды құрайды. Соның 0,80 гектары жылыжай кешеніне тиесілі. Қазіргі таңда жылыжайдың 40 соттығында қызанақ, тағы 40 соттығында қияр дақылдары өсірілуде. Жоспарлы агротехникалық шаралардың нәтижесінде 40 соттық қызанақ алқабынан 65 тонна, ал қияр егілген 40 соттық жерден 35 тонна өнім алынған.

Шаруашылық қызанақтың екі түрлі сұрпын өсіру арқылы нарықтағы сұранысқа бейімделіп отыр. Өнім сапасы мен көлемін арттыру мақсатында заманауи агротехнологиялар қолданылуда. Тамшылатып суару жүйесі, жылыжай ішіндегі микроклиматты реттеу тетіктері және тыңайтқыштарды тиімді пайдалану өнімділікті тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Өндірілген көкөніс өнімдері негізінен ішкі нарыққа бағытталған. Бұл жергілікті тұрғындарды балғын әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге жағдай жасап отыр. Сонымен қатар шаруашылықта тұрақты жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындары маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру және жылыжай кешендерін дамыту – аудан экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Осындай жобалар арқылы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті артып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосылуда.