Сарыағашта қоқыстан жәшік өндіретін цех жұмыс істеп тұр

Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев Құркелес ауылдық округіндегі «Amantay-plast» қайта өңдеу цехының жұмысымен танысты. Кәсіпорын тәулігіне 4 тонна қоқысты өңдеп, 10 мың дана пластик жәшік шығарады. Қазіргі таңда мұнда 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.
Цех жұмысын жоғары бағалаған халық қалаулысы кәсіпкерлікке қолдау білдіруге дайын екенін айтты. Сонымен қатар, депутат цех аумағында ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Жұмыс сапары барысында Темір Қырықбаев Сарыағаш қаласында салынып жатқан 900 орындық жаңа «Жайлы мектептің» құрылыс барысын да тексерді. Құрылыс нысанының мердігері жобамен таныстырып, инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталғанын жеткізді. Қазір мектеп аумағында сыртқы қоршау мен асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.





