Бәйдібекте білім беру мекемесі мен әлеуметтік орталық жаңғыртылуда

Бәйдібекте білім беру мекемесі мен әлеуметтік орталық жаңғыртылуда
Бәйдібек ауданында білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығы Шаян ауылындағы 1976 жылы салынған үш қабатты “Шаян” мектеп-лицейінде реновация бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда бұл білім ошағында 700-ден астам оқушы оқиды.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов мектепке арнайы барып, жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Ол жауапты мердігерлерге жаңа оқу жылы басталғанға дейін құрылысты толық аяқтауды, жұмыс күшін арттырып, сапаға баса мән беруді тапсырды.
Сонымен қатар әкім “Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығының жұмысымен танысты. Ардагерлер мен зейнет жасындағы азаматтарға арналған бұл әлеуметтік нысан заманауи стандарттарға сай жабдықталып, түрлі қызмет түрлерімен қамтамасыз етілген. Орталықта келушілерге кәсіби мамандар көмек көрсетеді.





