САРЫАҒАШТА САМАЛ-3 ШАҒЫН АУДАНЫНА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ТАРТЫЛУДА

Сарыағаш ауданында инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Осы орайда аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласындағы Самал-3 шағын ауданын орталықтандырылған ауыз сумен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында болып, жобаның орындалу барысын зерделеді.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерімен және жауапты сала мамандарымен кездесу барысында жобалық-сметалық құжаттама талаптарының қатаң сақталуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, сапасыз жұмыс пен мерзімнің кешіктірілуіне жол берілмеуі қажет. Әсіресе, құбыр тарту кезінде қолданылатын құрылыс материалдарының сапасы, техникалық регламенттердің орындалуы және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы басты назарда болуы тиіс.
Сонымен қатар, әкім құрылыс процесінде туындауы мүмкін техникалық өзгерістер мен қосымша мәселелерді дер кезінде талқылау үшін арнайы техникалық кеңес отырысын ұйымдастыруды тапсырды. Бұл жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда су құбырларын тарту жұмыстарының 50 пайызы орындалған. Нысан аясында сыйымдылығы 2000 текше метрді құрайтын су қоймасын бетондау жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2025 жылдың тамыз айында басталған. Тапсырыс беруші – Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, ал мердігер ұйым – «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Аталған жоба толық іске қосылған жағдайда Самал-3 шағын ауданының тұрғындары сапалы әрі тұрақты ауыз суға қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс сапасын арттырып, қала инфрақұрылымын дамытуға оң әсерін тигізеді.





