Жетісайда жаңа электр станциясын салу жобасы қаралды

Жетісай ауданында энергетика саласын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба ұсынылды. Аудан әкімі Серік Мамытов электр энергиясын өндірумен айналысатын шетелдік «BS-ENERGY CAPITAL» компаниясының өкілдерімен кездесіп, болашақта жүзеге асуы мүмкін жобаның негізгі бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында табиғи газ негізінде электр энергиясын өндіру мәселесі көтерілді. Ұсынылған жобаға сәйкес, «Жетісай» индустриялық аймағы аумағында заманауи электр станциясын салу жоспарланып отыр. Нысан іске қосылған жағдайда индустриялық аймақтағы кәсіпорындарды және аудан тұрғындарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Жоба бойынша жаңа станция шамамен 3 гектар аумаққа орналасады. Оның жылдық өндірістік қуаты 51,6 мегаватт болады деп жоспарланған. Бұл көрсеткіш индустриялық аймақта жұмыс істеуі көзделген кәсіпорындардың үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге және өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Жоспарға сәйкес, станция индустриялық аймаққа орналасатын тоғыз кәсіпорынға қажет 15 мегаватт электр энергиясын толық бере алады. Сонымен бірге өндірілетін қуат аудан тұрғындарының қажеттілігінің бір бөлігін жабуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тұрғындар үшін қажет 27 мегаватт электр энергиясының белгілі бір үлесі осы станция арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.

Инвесторлар жобаның әлеуметтік маңызына да тоқталды. Олардың мәліметінше, құрылыс кезеңінде шамамен 120 адам уақытша жұмыспен қамтылады. Ал станция толық іске қосылған соң 45 азамат тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Бұл жергілікті тұрғындар үшін қосымша еңбек мүмкіндіктерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазіргі таңда индустриялық аймақтың инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, аймақты қажетті инженерлік желілермен қамту үшін 3 мегаватттық ВЛ-10 кВт электр желісі тартылып, табиғи газ жеткізетін құбыр жүйесі іске қосылған.

Кездесу соңында аудан басшысы мұндай инвестициялық бастамалардың өңір экономикасын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа энергетикалық нысанның іске қосылуы өндірістік әлеуетті арттырып қана қоймай, тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.