ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ТҰРАҚТЫ РЕЖИМДЕ ӨТУДЕ

Түркістан қаласында 2025–2026 жылғы жылыту маусымы штаттық тәртіпте жалғасып жатыр. Қаладағы жылумен қамту жүйесінің жұмысы тұрақты бақылауға алынған. Қазіргі таңда орталықтандырылған жылу 12 561 тұтынушыға жеткізілуде.

Олардың қатарында 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік мекеме, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке тұрғын үй бар. Барлық әлеуметтік маңызы бар нысандардың маусымға дайындығы арнайы қабылдау актілерімен рәсімделіп, тиісті тексерістерден өткен.

Жылу беру процесі бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып, температуралық режим тұрақты сақталуда. Коммуналдық қызметтер тарапынан желілердің техникалық жағдайы мен қазандықтардың жұмысы тәулік бойы қадағаланып отыр.

Қыс мезгілінің қауіпсіз әрі тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі мен жауапты мекемелер күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Апаттық жағдайлардың алдын алу үшін кезекші бригадалар әзір күйде, ал қажетті материалдық-техникалық қор жеткілікті деңгейде қалыптастырылған.