САРЫАҒАШТА ЖАҢА “ӨНДІРІСТІК ПАРК” ЖОБАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Сарыағаш қаласының кіре берісінде жаңа “Өндірістік парк” жобасының құрылысы басталып, өңір экономикасына тың серпін бермек. Жалпы аумағы 6,5 гектарды қамтитын нысанда қазір іргетасы қаланып, жер тегістеу және инфрақұрылымға қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Аудан әкімі құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ол нысанның құрылысын қарқынды жүргізіп, тегістелген аумақта алдағы аптада негізгі құрылыс жұмыстарын бастауды тапсырды. Сондай-ақ, жобаны уақтылы және сапалы орындау аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жүктелді.
Жаңа “Өндірістік парк” аймағы Сарыағаштағы шағын және орта бизнесті қолдауға арналған маңызды қадам болмақ. Мұнда түрлі бағыттағы өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік беріліп, кәсіпкерлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған дайын алаң ұсынылады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға және ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге жол ашады.
Индустриялық даму – өңірдің тұрақты экономикалық өсімінің басты тетігі. Сондықтан “Өндірістік парк” жобасының іске асырылуы Сарыағаш ауданының өнеркәсіп саласындағы жаңа белеске көтерілуіне мүмкіндік береді. Жоба толығымен жүзеге асқан соң, аймақтағы өндіріс көлемі ұлғайып, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі арта түспек.





