ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 7 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ КАПСУЛАСЫ ҚАЛАНДЫ

Түркістан өңірінде индустрияландыру мен инвестиция тарту бағыты жаңа қарқын алды. Облыстағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайтын «BEREKE PLASTIC» зауытының іргетасы қаланды. Бұл жоба аясында заманауи талаптарға сай жеті өндірістік кешеннің құрылысы жүргізіледі. Оның алғашқысы келер жылдың ақпан айында іске қосылмақ.
Сауран ауданының Оранғай ауылында орналасатын бұл өндіріс орны өңірдің өнеркәсіп әлеуетін арттыруға және жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған. Жоба толық қуатына шыққанда ондаған жаңа жұмыс орны ашылып, аймақтың экономикалық белсенділігі артады деп күтілуде.
Іргетас қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа зауыттың маңыздылығына тоқталды. Ол өндіріс саласының дамуы өңірдің экономикалық дербестігін нығайтып, әлеуметтік инфрақұрылымның өркендеуіне жол ашатынын атап өтті.
«Бүгінгі бастама – Түркістанның өндірістік және инвестициялық әлеуетінің айғағы. Мұндай жобалар өңірге жаңа серпін беріп, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік туғызады», – деді аймақ басшысы.
«BEREKE PLASTIC» зауытының іске қосылуы тек аймақ экономикасына ғана емес, экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ. Өндіріс жаңа технологияларды пайдалана отырып, қайта өңдеу мен экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға басымдық береді.
Бұл бастама Түркістан облысының индустриялық-инвестициялық картасындағы маңызды жобалардың бірі ретінде өңірдің экономикалық дамуына жаңа тыныс береді.





