САУРАН: ӘКІМ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиын барысында сала жетекшілері өз бағыттарындағы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша шараларды таныстырды.

Атап айтқанда, Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров салалық бақылау мен мониторинг жүргізу тәжірибесі жайлы баяндаса, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілі Айдын Абдигаппаров инфрақұрылым жобаларындағы ашықтық пен мерзімдік бақылауды күшейту шараларына тоқталды.

Сондай-ақ, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тәжібеков қоғамдық даму саласына бөлінетін қаржының тиімді және ашық жұмсалуын қамтамасыз ету жолдарын түсіндірсе, Жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев жер учаскелерін электронды платформа арқылы үлестіру, қоғамдық бақылауды күшейту бағытындағы жаңашылдықтарды атап өтті.

Жиын қорытындысында аудан басшысы Мақсат Таңғатаров барлық салада ашықтық пен есептілікті арттырып, жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Ол бұл бағытта бақылау механизмдерін жетілдірудің маңыздылығын ескертті.