СОЗАҚ АУДАНЫНДА АУЫЛДЫҚ ЖОЛДАР ЖАҢАРТЫЛУДА

Созақ ауданында ауылдар мен елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Аудандық жоспарға сәйкес, ішкі көшелерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта Сызған ауылдық округіне қарасты Қайнар елді мекенінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 8 шақырымға жуық Қайнарбұлақ, Әділбеков және Әметшеев көшелеріне асфальт төселуде.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қайнар елді мекеніне арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексеріп, мердігерлерге жұмыстың сапасына баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ, аудан орталығындағы асфальт төсеу жұмыстары да әкімнің назарында.

Бұған дейін Құмкент ауылы мен Қызылкөл елді мекенінде ұзындығы 11,21 шақырым болатын көшелерге жаңа асфальт төселіп, пайдалануға берілген. Ал Ақсүмбе, Сарыжаз, Шаға және Раң ауылдарындағы 6,51 шақырым ішкі көшелер де толықтай жөндеуден өтті.

Қазіргі таңда ауданның басқа да ауылдарында жол жөндеу жұмыстары жалғасын табуда. Жобалардың негізгі мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, көлік қозғалысын жеңілдету.