СОЗАҚТА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ТІКЕЛЕЙ ТЫҢДАЛДЫ

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындармен ашық диалог орнатты. Кездесу барысында тұрғындар жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек және ауылдық жердегі инфрақұрылымдық мәселелерге қатысты шағым-өтініштерін білдірді.

Аудан басшысы әр азаматтың өтінісіне жеке тоқталып, шешімін кейінге қалдырмай, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді. Әсіресе жұмыс сұрап келген тұрғындарға көмектесу – басты назарда болатынын атап өтті.

Құмкент ауылынан келген қариялар ескі әкімдік ғимаратын пайдаланып, дәстүрлі өнер мектебін ашу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастамаға аудан әкімі оң көзқарас танытып, қолданыстағы ғимаратты қалпына келтіріп, ауыл қариялары мен жастарға арналған мәдени кеңістік құру мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.

Қабылдауға «AMANAT» партиясының аудандық филиалы мен сала басшылары қатысты. Әкімдік тарапынан айтылған мәселелерді жүйелі шешуге уәде берілді.