СОЗАҚ АУДАНЫНДА НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ БІР АЙЛЫҚ ШАРА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Созақ ауданында жастарды есірткіге тәуелділіктен қорғау, олардың бойында зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында бір айға созылған кешенді профилактикалық іс-шаралар өз мәресіне жетті.

Қорытынды жиынға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, нашақорлыққа қарсы күреске белсене атсалысқан сала мамандарына алғыс білдірді. Ол құқық қорғау органдары, медицина, білім, спорт, мәдениет, кітапхана және жастар саласының қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстап, қоғамдағы зиянды әдеттерге қарсы күрестегі бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.

Бір ай ішінде аудан көлемінде түрлі семинарлар, кездесулер, спорттық жарыстар мен ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілген. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды заттарға тәуелділіктің алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.