СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 380 МЛРД ТЕҢГЕ ӨҢІРЛІК ӨНІМ, МИЛЛИАРДТАРҒА ИНВЕСТИЦИЯ, ЖҮЗДЕГЕН ЖҰМЫС ОРНЫ

СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 380 МЛРД ТЕҢГЕ ӨҢІРЛІК ӨНІМ, МИЛЛИАРДТАРҒА ИНВЕСТИЦИЯ, ЖҮЗДЕГЕН ЖҰМЫС ОРНЫ
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Түркістан облысы Созақ ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 380 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков баспасөз жиынында мәлімдеді. Айтуынша, өңір экономикасы инвестиция, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік жобалар арқылы өркендеп келеді.
Экономика және ауыл шаруашылығы:
Биылғы 5 айдың ішінде ауданға 81,5 млрд теңгеден астам тікелей инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығында 138,7 млн теңге инвестиция игеріліп, 9 мың тоннаға жуық ет-сүт өнімдері мен 750 мың дана жұмыртқа өндірілген. 14 638 гектарға егіс егілсе, оның бір бөлігіне жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі енгізілген.
Ірі өндіріс жобасы:
Тайқоңыр елді мекенінде жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Құны 113,5 млрд теңгеден асатын бұл жобадан кейін 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау:
Бес айда 1 826 азамат әлеуметтік көмек алған. «Ұлттық жобалар» аясында 136 жұмыс орны ашу жоспарланса, қазіргі таңда 28-і іске қосылған. «Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» бойынша 880 жұмыс орны ашылып, 554 адам жұмысқа орналасты. Аудандағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Сонымен қатар, 78 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа тұрған.
Инфрақұрылым мен тұрғын үй:
– Аудан толықтай ауыз сумен қамтылған, тек төрт ауылда су кестемен беріледі. Қарақұр мен Қозмолдақ ауылдарына тәулік бойы су жеткізу жобалары дайындалуда.
– Табиғи газ тарту жұмыстарына облыстан 290 млн теңге бөлініп, Шолаққорған ауылына 216,6 шақырым құбыр жүргізілген. 3 200 абонент газға қосылған.
– Аудан орталығында 7 шақырым аяқ жол салынды. 235 жарық шам, 4 аялдама, 60 қоқыс жәшігі мен орындық орнатылуда.
– «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 447 млн теңгеге 12 көшеге 14,2 шақырым асфальт төселеді.
– «Жеткіншек» шағын ауданында 26 бірқабатты 2 пәтерлі үй мен 3 екіқабатты 8 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Олар әлеуметтік осал топтарға беріледі.
– «Қазатомпром» АҚ демеушілігімен 16 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үй бой көтеруде.
Мәдениет пен спорт:
– Құны 2 млрд теңгеге жуық спорттық-сауықтыру кешені жақын күндері пайдалануға берілмек.
– 1 млрд теңгелік жаңа кітапхана құрылысы Шолаққорғанда басталған. Бұл нысан келесі жылға өтпелі.
Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты. Билік өкілдері мен инвесторлардың бірлескен жұмысы нәтижесінде аудан халқының тұрмыс сапасы артып келеді.





