СОЗАҚТА РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Созақ ауданының Шолаққорған ауылында ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Шара Жібек жолы көшесінің бойында ұйымдастырылып, тұрғындарға қолжетімді бағада сапалы өнім сатып алу мүмкіндігі ұсынылды.

Жәрмеңкеге ауданның шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері қатысып, өздерінің табиғи әрі экологиялық таза өнімдерін ұсынды. Сауда қатарларында ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, жеміс-жидек, бал және басқа да тұрмыстық қажетті тауарлар сатылымға шықты.

Мұндай іс-шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және отандық өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, жәрмеңке ауыл тұрғындарының өзара байланысын нығайтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Аудан әкімдігі өкілдері атап өткендей, Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңке – тек сауда алаңы ғана емес, ауыл еңбегінің берекесін, ел бірлігін дәріптейтін игі дәстүрдің жалғасы.