«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТӨЛЕБИДЕ 2 МЫҢ АҒАШ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Төлеби ауданында кең ауқымды сенбілік өтті.
Тазалық шарасына мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер кеңесінің мүшелері, білім беру мен денсаулық сақтау саласының өкілдері, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының мүшелері, мәслихат аппаратының қызметкерлері және ауылдық округ тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов ақсақалдармен бірге Ленгір қаласындағы «Төлеби баба» саябағында көшет отырғызып, сенбілікке белсене атсалысты.
Аудан орталығындағы шараға 600-ге жуық тұрғын қатысып, 14 техника тартылды. Сенбілік барысында Төлеби шатқалы мен қалалық саябақтарда қоқыс жиналып, барлығы 31 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар катальпа, айлант және клеон ағаштарының 300-ге жуық көшеті отырғызылды.
Жалпы сенбілік аясында аудан көлемінде 2000-ға жуық көшет егілді. Іс-шараға 2400-ден астам адам қатысып, 24 техника жұмылдырылды.
Сенбілік кезінде аудан аумағынан 63 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Алдағы уақытта экологиялық жағдайды жақсарту және жасыл желекті көбейту мақсатында 12 ауылдық округте 29 600 түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Егілетін көшеттердің қатарында катальпа, айлант, арша, ясен, туя және қарағаш бар. Олар аудан орталығы мен ауылдық округтердің аулалары мен орталық көшелеріне отырғызылмақ.





