Тоқаев геологиялық барлауды тоқтатпауға тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдап, энергетика саласындағы негізгі көрсеткіштерді талқылады. Президентке компанияның жеті айдағы жұмысы туралы есеп ұсынылды.

«ҚазМұнайГаз» биыл қолданыстағы кен орындарын кеңейту мақсатында жеті ұңғыманы бұрғылауды жоспарлаған. Оның үшеуі бүгінде іске асырылды. Айта кетерлігі, Қытайдың CNOOC компаниясы алғаш рет Қазақстандағы геологиялық барлау жобаларына инвестиция салуға келісті. Бұл – саладағы халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашады.

2025 жылдың қаңтар-шілде айларында компания 15,3 млн тонна мұнай мен конденсат өндірді. Табиғи және ілеспе газ өндіру көлемі 6,7 млрд текше метрге жетті.
Осы кезеңде мұнай тасымалы 49 млн тоннаға жуықтап, экспорт бағыттары да әртараптандырылды.

  • Әзербайжанға – 0,9 млн тонна;
  • Германияға – 1,1 млн тонна;
  • Мажарстанға – 85 мың тонна көлемінде алғашқы партия жөнелтілді.

Еліміздің мұнай өңдеу зауыттарында жеті айда 10,4 млн тонна шикізат өңделді. Соның ішінде жанар-жағармай өндірісі 7,8 млн тоннаға жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 936 мың тоннаға артық болды. Бұл – Қазақстан үшін тарихи рекорд.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компанияның жұмысын оң бағалай отырып, геологиялық барлау ісін тоқтатпау қажеттігін қадап айтты. Сондай-ақ ол ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастырып, мұнай-газ саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуді тапсырды.