ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ «КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ» МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ «КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ» МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Түркістан облысының көрікті өңірі — Төлеби ауданында жастар арасында дәстүрлі түрде өтетін облыстық «Көшпенділер ойыны» өз мәресіне жетті. Ұлттық рухты көтеріп, бабалар дәстүрін жаңғыртуды мақсат еткен дода биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр.
Шара Бірінші Мамыр ауылындағы «Төлеби» спорт клубында өтті. Жастардың бірлігі мен намысын сынайтын бұл ойынға облыс аудандарынан 10 команда қатысып, 14 пен 35 жас аралығындағы 150-ге жуық жас өзара бақ сынады.
Жарыстың ашылу салтанатына аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы мен аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Пердебайұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, «Көшпенділер ойынының» ұлттық дәстүр мен патриоттық рухты сақтаудағы маңызына тоқталды.
— Бұл сайыстар жастарды салауатты өмір салтына баулиды, өз халқының тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттырады. Бүгінгі жеңіс – тек медаль ғана емес, ұлттық мұраға деген құрметтің көрінісі, – деді Бағдатбек Пердебайұлы.
Жарыс бағдарламасына қазақ халқының ежелгі спорт түрлері — садақ ату, асық ату, қазақ күресі, көкпар жекпе-жегі, аударыспақ, мас-рестлинг және арқан тарту кірді. Әр команда өз өңірінің намысын қорғап, күш пен ептілікті, батылдық пен төзімділікті көрсетті.
Қорытындысында Қазығұрт ауданының жастары І орынды иеленіп, 500 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. ІІ орын — Төлеби ауданының командасына (300 000 тг), ал ІІІ орын — Арыс ауданына (200 000 тг) бұйырды.
Сонымен қатар, «Ерекше киім үлгісі» номинациясын Келес ауданы, «Үздік ұжым» аталымын Бәйдібек ауданы, ал «Үздік атбегі» атағын Сарыағаш ауданының өкілі жеңіп алды. Әрқайсысына 50 000 теңгеден ақшалай сыйлық берілді.
Барлық қатысушыларға кубоктар мен дипломдар табысталып, мерекелік марапаттау рәсімі жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ойындар тек жарыс емес, жастарды біріктіріп, қазақтың көне салт-дәстүрін қайта жаңғыртатын ерекше мәдени платформаға айналып келеді.
Бүгінде «Көшпенділер ойыны» Төлеби өңірінің тұрақты брендіне айналып, ұлттық спорттың насихатшысы ретінде танылуда. Келешекте жарысты халықаралық деңгейде өткізу жоспарланып отыр.





