ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖЕЛКЕНДІШІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕГАТАДАН КҮМІС ЖҮЛДЕ АЛДЫ

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖЕЛКЕНДІШІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕГАТАДАН КҮМІС ЖҮЛДЕ АЛДЫ
Түркістан облысында су спорты қарқынды дамып, спортшылардың халықаралық ареналардағы жетістіктері айқын байқалуда. Солардың ішінде Никита Малахов ерекше көзге түсіп отыр. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен ол Ресейдің Краснодар өлкесінде өткен 34-ші Геленджик халықаралық регатасында күміс жүлде жеңіп алды.
Жарысқа Ресейдің 38 өңірінен және әлемнің 10 елінен келген 1300-ге жуық спортшы қатысып, жоғары деңгейде сынға түсті. Ленгірлік спортшы Никита Малахов дода барысында өзіне сенімділік танытып, басты қарсыластарымен тең дәрежеде жарысты. Оның нәтижесі Түркістан облысының су спорты саласындағы дамуын айқын көрсетеді.
Күміс жүлде жеңіп алған спортшы енді алдағы халықаралық жарыстарға дайындыққа кіріседі. Оның табысы облыстық деңгейде ғана емес, ұлттық құраманың да беделін арттыруға үлес қосуда.
Бұл жетістік жергілікті спорт мектептері мен жаттықтырушылардың кәсіби дайындығы мен спорттық инфрақұрылымның дамуына байланысты жүзеге асты. Түркістан облысында су спортымен айналысатын жас спортшыларға қолдау көрсетіліп, олардың халықаралық ареналарда бәсекеге қабілетті болуларына жағдай жасалуда.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі атап өткендей, облыс спортшыларының жетістіктері жастарды спортқа баулу мен салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарына да серпін береді. Алдағы уақытта облыстық спорт мектептері мен клубтардан шыққан спортшылар халықаралық жарыстарда Қазақстанның абыройын қорғауды жалғастырады.





