ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ТЕМІРЖОЛШЫЛАР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 120 АҒАШ КӨШЕТІН ОТЫРҒЫЗДЫ

Арыс қаласында теміржол саласының қызметкерлері экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосу мақсатында «Тaza Қазақстан» акциясын өткізді. Игі шара ел темір жолының 120 жылдығымен қатар ұйымдастырылып, табиғатты қорғау мен қаланы көгалдандыруға бағытталды.

Акцияға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, Шымкент магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Жомарт Мырзабеков, теміржол саласының ардагерлері және түрлі мекемелердің 150-ге жуық қызметкері қатысты. Қатысушылар қаланың дендросаябағында 120 түп ағаш көшетін отырғызды. Бұл шара теміржол саласының ғасырдан астам тарихына құрмет көрсетіп, болашақ ұрпаққа экологиялық мұра қалдыруды көздейді.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев қатысушыларға ризашылығын білдіріп, теміржолшылардың еңбегі мен экологиялық жауапкершілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бастамалар өңірдің жасыл аймақтарын кеңейтуге және тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға жол ашады.

«Тaza Қазақстан» челленджі экологиялық эстафета ретінде Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінен қабылданған. Арыс теміржолшылары бұл бастаманы лайықты жалғастырып, қоршаған ортаны сақтау – әр азаматтың парызы екенін жеткізді. Сонымен қатар, олар жастарды табиғатты қорғауға белсене қатысуға шақырып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.