ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІ КҮШЕЙТТІ

Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасын қолдау орталығы» биылғы тоғыз айда 189 тұрғынға көмек көрсеткен. Оның ішінде 102 әйел мен 87 ер адамға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық бағытта қолдау жасалды.
Орталық қызметкерлері 92 адамға әлеуметтік, 39 адамға құқықтық, 58 адамға психологиялық көмек көрсетіп, жағдайына қарай қажетті қызметтер ұсынған. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық пен өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға уақытша баспана берілді. Мұнда 1 отбасы мен 8 жасөспірім орналастырылып, кешенді көмек көрсетілген. Қазіргі таңда олардың 7-еуі Сайрам ауданындағы қолдау орталығына жіберілді, ал бір отбасының тұрмысы түзеліп, қалыпты өмірге оралды.
«Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған 10 отбасының балаларына мектеп формасы мен оқу құралдары берілді. Сонымен қатар 11 ауылдық округ зерделеніп, көмекке мұқтаж 105 адам анықталды. Нәтижесінде 17 адамға бір жолғы, 3 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 10 отбасыға демеушілер есебінен азық-түлік пен оқу құралдары таратылды. 4 азаматқа сауықтыру мекемелеріне жолдама берілді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша 17 жағдай тіркеліп, отбасылармен психологиялық және заңдық түзету жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге аудандық полиция бөлімі, аурухана және білім беру ұйымдарымен бірлесе 57 түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Адам көп шоғырланатын орындарда 1611 ақпараттық парақша таратылып, 33 азаматтан сауалнама алынды. Пробация есебінде тұрған 30 адаммен жеке жұмыс жүргізіліп, олардың 18-іне психологиялық көмек берілді, 8-іне 10 АЕК көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.
Жыл басынан бері аудан бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 14 дерегі анықталып, тиісті отбасылармен профилактикалық және құқықтық жұмыстар атқарылды.





