ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ БАСТЫ БАҒЫТТАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістанда Республика күні қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің Пленумы өтті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру жолдары қаралды. Сонымен қатар ұйымдық мәселелер мен алдағы жоспарлар пысықталды.

Пленум жұмысына облыстық басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, аудандық және қалалық «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» төрағалары қатысты.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Келдібеков, қоғам қайраткері Абдулла Ахметов және қоғамдық даму басқармасының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл сөз алып, жастар тәрбиесі, инвестиция тарту, саяси партиялардың рөлін арттыру, алдағы Парламент сайлауына дайындық және «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту мәселелерін қозғады.

Сондай-ақ басқа да қатысушылар Жолдауда айтылған бастамалардың ел дамуына әсері мен оның орындалу тетіктері жайында ой бөлісті. Олар қоғамның бірлігі мен ұрпақ сабақтастығын сақтай отырып, Президент тапсырмаларын орындауға үлес қосу қажет екенін атап өтті.

Пленум соңында ардагерлер кеңесі мен қатысушылар елді ортақ мақсатқа жұмылдыру, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және Жолдау аясындағы міндеттерді орындау бағытында нақты шешім қабылдады.