ТҮРКІСТАН: Бәйдібекте жаңа мәдениет үйі мен спорт кешені ашылды

Бәйдібек ауданында тұрғындардың әлеуметтік және мәдени өмірін жақсартуға бағытталған екі жаңа нысан – мәдениет үйі мен спорт кешені ашылды. Аталған жобалар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.
Амансай ауылында 150 орындық заманауи мәдениет үйі бой көтерді. Жаңа нысан шығармашылық үйірмелер мен қоғамдық іс-шаралар өткізуге толықтай бейімделіп, техникалық жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, ғимарат ішінен ауыл тұрғындарына арналған кітапхана ашылып отыр.
Ал Шақпақ ауылында жеке инвестиция есебінен заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Құрылысты 2024 жылдың мамырында бастаған «Real Story Invest» ЖШС нысанды сапалы құрал-жабдықтармен толық жабдықтап отыр.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады. Оның айтуынша, бұл нысандар ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуына жаңа мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 ашық спорт алаңы бар.





