ТҮРКІСТАН: «ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды стратегиялық жобалардың бірі – «Дарбаза – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісінің құрылысы белсенді жүріп жатыр. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында жүктелген міндеттер аясында жүзеге асырылуда.
Ұлттық маңызы бар бұл бағыт «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бастамасымен қолға алынып, республиканың транзиттік әлеуетін арттыруға және өңірлер арасындағы экономикалық байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы ұзындығы 153,2 шақырымды құрайтын жаңа теміржол желісінің 24,86 шақырымы Түркістан облысының Сарыағаш ауданы аумағынан өтеді. Бүгінгі таңда мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сай қарқынмен жүргізілуде. Аудан аумағында 26 жасанды құрылыс нысаны салынуда: оның ішінде 15 су өткізгіш құбыры мен 11 көпір қарастырылған.
Қазіргі уақытта теміржол желісінің құрылыс жұмыстарының жалпы орындалуы 68 пайызға жетсе, жер төсемін салу 82 пайыз деңгейінде аяқталды. Сонымен қатар электр бағаналары орнатылып, су, газ, байланыс және электр желілерін қайта құру жұмыстары толық жүзеге асырылған.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев нысандарды аралап, құрылыс барысын тексерді. Ол мердігер мекемелерге сапа мен мерзімді қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобасы іске қосылғаннан кейін өңірдің экономикалық белсенділігі артып, жүк тасымалы мен халықаралық сауда айналымы ұлғаяды. Сондай-ақ бұл жоба еліміздің көлік дәліздерін әртараптандыруға, жаңа өндірістік және логистикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға серпін береді.





