ТҮРКІСТАН: «САМҒАУ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ҮМІТ СЫЙЛАП КЕЛЕДІ

Түркістан облысындағы «Самғау» оңалту орталығының ашылғанына бір жыл толды. Осыған орай «Өмірді сүйген жүректер» атты мерекелік шара өтіп, мекеменің бір жылдық жұмыс қорытындысы таныстырылды. Іс-шара барысында қызмет алушылар мен орталық мамандарының қатысуымен концерт ұйымдастырылып, ерекше жандардың шығармашылық қабілеттері көрерменге ұсынылды.

Шараға облыстық әлеуметтік басқарма басшысының орынбасары Самат Байғұтов, мәслихат депутаты Инара Намазбаева, Сауран аудандық іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері мен БАҚ журналистері қатысты. Мекеме директоры Гүлнұр Сауртаева орталықтың даму бағыты мен жетістіктері туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Көрермендер назарына мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін емдік және әлеуметтік бейімдеу қызметтері туралы бейнебаян ұсынылды. Шараға келген қонақтар орталық ұжымының еңбегіне алғысын білдіріп, ерекше жандардың өмірге құштарлығын атап өтті.

Бүгінде орталықта 160-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қоғамға бейімделуіне бағытталған кешенді оңалту шараларын жүзеге асырып келеді. Бір жыл ішінде 1200-ге жуық тұрғын емдік және психологиялық көмек алып, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алды.

Айта кетсек, Түркістан облысында шамамен 100 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар, бұл өңір халқының 5 пайызына тең. Сауран ауданының Оранғай ауылында орналасқан «Самғау» орталығы 18 жастан асқан мүгедектігі бар жандарға арналған. 200 орындық заманауи мекемеде әлеуметтік қызметтің сегіз түрі көрсетіледі.