ТҮРКІСТАНДА АРДАГЕРЛЕР ҚАУЫМЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістан қаласында Республика күні қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған міндеттерді орындау мәселелері қаралды. Сонымен қатар ұйымның алдағы жұмыс жоспары мен кадрлық мәселелер талқыланды.

Пленум жұмысына облыстық басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, аудан және қала ардагерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.

Кеңес төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жиынды ашып, ардагерлердің қоғамдағы белсенді рөлін арттырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Келдібеков және қоғамдық даму басқармасының өкілдері сөз алып, жастар тәрбиесі, құқықтық тәртіп, инвестиция тарту, партиялардың белсенділігін күшейту және алдағы саяси науқанға дайындық мәселелеріне тоқталды.

Жиында баяндама жасаған қатысушылар Жолдауда көрсетілген бағыттар – білім, инновация және цифрландыру салаларындағы реформалардың ел дамуына серпін беретінін атап өтті.

Пленум соңында қатысушылар қоғамды жаңғырту үдерісіне ардагерлердің үлесін арттыру, жастарды отансүйгіштікке баулу және Президент тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында бірлесіп жұмыс істеу туралы шешім қабылдады.