ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАР БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТТІ

Түркістан облысында бой көтеретін жаңа нысандардың сәулеттік келбеті мен аймақтың жалпы дизайн стандартына сәйкестігі талқыланды. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы кеңестің басты тақырыбы болды. Кеңеске аудан және қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары, сәулет мамандары мен жеке инвесторлар қатысты.

Жиын барысында Түркістан қаласы мен өзге де елді мекендерде салынып жатқан нысандардың сапасы, олардың абаттандыру деңгейі және архитектуралық үйлесімділігі сөз болды. Әкім өңірдегі құрылыс жұмыстарының барлығы бірыңғай сәулеттік стильде, ұлттық нақышта және заманауи талаптарға сай жүзеге асуы қажет екенін қатаң тапсырды.

– Түркістан – рухани астана. Сондықтан мұндағы әрбір ғимараттың кескін-келбеті ерекше назарда болуы тиіс. Қаланың сәулеттік тұтастығын сақтау – басты міндет, – деді Нұралхан Көшеров.

Кеңесте Түркістан қаласында Тәуке хан даңғылы мен Байбұрт көшесін байланыстыратын жол құрылысы жобасы, Рәміздер алаңы мен Әкімшілік-іскерлік орталықтағы қонақ үй мен мейрамхана нысандарының эскиздері таныстырылды. Сонымен қатар Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов ауылындағы орталық көшені абаттандыру және ғимараттардың қасбеттерін жаңарту ұсыныстары қаралды.

Жобалардың қатарында Созақ ауданындағы «Баба Түкті Шашты Әзіз» кесенесінің аумағын абаттандыру және Иірсу елді мекенінде аллея мен қарау алаңын салу жұмыстары да бар. Әр жоба өңірдің сәулеттік келбетін айқындайтын маңызды элемент ретінде бағаланды.

Кеңес соңында облыс әкімі нысандардың сапасы мен құрылыс қарқынын жіті бақылауда ұстап, жобаларды жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар берді.