ТҮРКІСТАН: ӨҢІРГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ІСІ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында инвестиция тарту және кәсіпкерлік секторын дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл бағытта шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту, тәжірибе алмасу және жаңа жобаларды іске асыру шаралары ерекше назарда. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі инвестициялық ахуал мен өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Жиынға жауапты басқарма өкілдері мен кәсіпкерлік құрылымдардың басшылары қатысып, «TURKISTAN» индустриалды аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысы туралы баяндады. Сондай-ақ инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері сөз болды.

Кеңес барысында инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен іске асырудың тиімді тетіктері қарастырылып, аймақтың экономикалық тартымдылығын арттыру жолдары ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары инфрақұрылым жұмыстарын жеделдетіп, кәсіпкерлерге жер телімдерін рәсімдеу мен инженерлік желілерге қосылуда барынша көмек көрсетуді тапсырды.

Талғат Қозбеков инвестиция тарту тек экономикалық өсімге ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өндірісті дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырудың маңыздылығын айтып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Жиын соңында өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру және кәсіпкерлік ортаны дамыту бағытындағы жұмыстарды үйлестіру бойынша нақты жоспарлар бекітілді.