ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫ БИЫЛ ТОЛЫҚ ГАЗДАНДЫРЫЛАДЫ

Мақтаарал ауданында инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар қарқын алып келеді. Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Асанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

Ауданда стратегиялық маңызы бар «Дарбаза–Мақтаарал» жаңа теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Ұзындығы 152 шақырымды құрайтын жобаның жалпы құны – 286 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Жаңа транзиттік бағыт арқылы жыл сайын қосымша 10–14 миллион тонна жүк тасымалдау көзделсе, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 20–25 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жоба өңірдің логистикалық әлеуетін арттырып, халықаралық жүк айналымындағы рөлін күшейтеді.

Өнеркәсіп саласында да оң динамика байқалады. Өткен жылы өндірілген өнім көлемі 24,6 млрд теңгеге жеткен. Аудан аумағындағы индустриалды аймақта бес жоба жүзеге асырылып, 5,16 млрд теңге инвестиция тартылды. Атап айтқанда, «ZHANASSYL» ЖШС мақта өңдеу зауытын іске қосты. Кәсіпорын жылына 65 мың тонна мақта талшығын өңдеуге қауқарлы. Жобаның құны – 2,5 млрд теңге, 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ «Серік бизнес құрылыс» ЖШС асфальт-темірбетон бұйымдарын өндіру зауытын іске қосып, 30 жұмыс орнын ашты. «BEGASH» ЖШС пластикалық құбыр шығаратын зауытын 2026 жылдың соңында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Жамбыл ауылдық округінде 100 гектар аумақта арнайы экономикалық аймақ құрылған. Оның 50 гектары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығына берілген. Қалған бөлігінде жалпы құны 185,1 млрд теңгені құрайтын жеті өндірістік жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 1200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Өндіріс орындарын 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосу қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар. 2025 жылы өндірілген өнім көлемі 85,7 млрд теңгені құрап, нақты өсім 6,3 пайызға жетті. Аудандағы 68 елді мекеннің 58-і тәулік бойы ауыз сумен қамтылған, ал қалған 10 ауылға су кесте бойынша берілуде. Биыл бірінші тоқсанда аудан толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы жеті ауылдағы 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аудан жолдарының 89,6 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. 2026 жылы жалпы ұзындығы 45,2 шақырым болатын 61 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланған.

Тұрғын үй құрылысы да тұрақты өсім көрсетуде. Былтыр пайдалануға берілген баспана көлемі 37 122 шаршы метрді құрады. Биыл бұл көрсеткішті 37 530 шаршы метрден асыру межеленіп отыр.

Жалпы, Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.