ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ ЕЛДЕРІНІҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САУДА МИНИСТРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы-на мүше мемлекеттердің Экономика және сауда министрлерінің 14-ші отырысы өтті. Кеңейтілген форматтағы жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан делегациялары қатысты. Сонымен қатар Ұйымның Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдад Әміреев және Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының Бас хатшысы Адем Кула да басқосуға қатысып, өз ұсыныстарын білдірді.
Кездесу күн тәртібінде өзара сауда айналымын ұлғайту, инвестициялық ықпалдастықты күшейту, көлік-логистикалық бағыттарды жетілдіру, сондай-ақ өндірістік кооперацияны тереңдету мәселелері қаралды. Қатысушы тараптар өңірлік экономикалық интеграцияны жаңа деңгейге көтеру, әкімшілік және тарифтік кедергілерді азайту, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру бойынша бірлескен қадамдар жасауға уағдаласты.
Жиында сөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінің экономикалық әлеуетіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, өңір инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм бағыттары бойынша қарқынды дамып келеді. Табиғи ресурстар қоры мол аймақта уран, алтын, темір кені, көмір мен фосфорит секілді пайдалы қазбалар бар. Облыс еліміздегі негізгі уран өндіруші аймақтардың бірі саналады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада алдыңғы қатарда.
Өнеркәсіп саласында 111 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, олардың жалпы құны 560 млн АҚШ долларын құрайды. Тамақ, тоқыма, құрылыс материалдары және тау-кен өндірісі салалары белсенді дамып келеді. Туризм инфрақұрылымы да жүйелі түрде жаңарып, заманауи қонақ үйлер, мәдени-ойын-сауық орталықтары мен көлік нысандары пайдалануға берілген. Өңірдің халықаралық көлік дәліздерінің торабында орналасуы инвесторларға Орталық Азия нарығына тікелей шығуға мүмкіндік береді.
Облыс орталығында құрылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағы Түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналуда. Бұл аймақта бірқатар ірі жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Әкім өңірдің инвесторларға ашық екенін және ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған экономиканы әртараптандыру және өндірісті дамыту бағыты Түркістан облысында нақты көрсеткіштермен бекітілуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 113,9 пайызды құрады. Барлық негізгі макроэкономикалық индикаторлар оң серпін көрсеткен. Мемлекеттік бюджетке түскен салық көлемі 234 млрд теңгеге артып, алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Экономикаға тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайыз болды. Ал 2025 жылдың үшінші тоқсанында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, жоспарлы межеден бірнеше есе жоғары орындалды.
Өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ірі бастамалардың қатарында мақта өңдеу кәсіпорындары, алюминий бұйымдарын шығару өндірістері, тұрғын үйлерге арналған газ қазандықтарын құрастыру зауыттары, сусын өндіру кешендері, сондай-ақ уран мен әк өңдеу нысандары бар.
Алдағы 2026–2029 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы 2,8 трлн теңгені қамтиды. Бұл кезеңде 111 жоба жүзеге асырылып, 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Биылдың өзінде 444 млрд теңгеге 66 жобаны іске асыру жоспарланып, 6 810 адам жұмыспен қамтылады.
Инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында облыста жалпы аумағы 1 960 гектар болатын 21 индустриялық аймақ және 1 400 гектарды қамтитын экономикалық аймақтар жұмыс істейді. Бұл алаңдар инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген әрі салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Облыс орталығындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында 315 млрд теңгеге 26 жоба жүзеге асырылуда, нәтижесінде 6,5 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар 25 индустриялық парк аумағында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.
Кездесу қорытындысында мүше мемлекеттер арасында экономика, сауда, инвестиция және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Жол картасы қабылданып, 14-ші отырыстың Коммюникесіне қол қойылды. Сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы, Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы, Түркі инвестициялық қоры және NACOFEC ұйымы арасында төртжақты меморандум бекітілді.
Ресми іс-шаралар аясында делегация мүшелері Түркістан қаласының бірқатар тарихи-мәдени нысандарын аралады. Қонақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, «Күлтөбе» қалашығы, «Ұлы Дала Елі» музейі және «Керуен Сарай» кешенімен танысты.
Жиын соңында тараптар қабылданған шешімдер түркі кеңістігіндегі тұрақты экономикалық өсімге серпін беретініне сенім білдіріп, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін жеткізді.





