ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАҢА САЯБАҚ АШЫЛДЫ

25 қазан – Республика күні қарсаңында Мақтаарал ауданының Мырзакент кентінде жаңа орталық саябақ салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ашылу рәсімімен қатар диқандардың күзгі жиын-терім науқанының қорытындысына арналған «Altyn Kuz-2025» мерекелік іс-шарасы мен гала-концерт өтті.
Аудан әкімі бастаған делегация жаңа саябақтың лентасын қиып, нысанды аралап көрді. Демалыс аймағында балаларға арналған ойын алаңшалары, амфитеатр, сәндік субұрқақ, жаяу жүргіншілер жолы, көгалдандырылған аумақтар мен автотұрақ бар. Жаңа саябақ тұрғындардың серуендеуіне ғана емес, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мәдени демалыс орталығына айналмақ.
Саябақтағы амфитеатрда Республика күні және Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» атты салтанатты жиын өтті.
– Осыдан 35 жыл бұрын Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, Қазақ елінің жаңа тарихы басталды. Егемендік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманының жүзеге асуы еді. Бүгінгі Мырзакенттің жаңа саябағы – еліміздің өркендеу жолындағы жетістіктерінің жарқын айғағы, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Мереке аясында елдің әлеуметтік, мәдени және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына үлес қосқан азаматтар министрлік, облыс және аудан әкімінің марапаттарына ие болды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, мәслихат және әкімдік салаларында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Іс-шара барысында «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне» арналған «Altyn Kuz – 2025» мерекесі де өтті. Онда үздік ауылдық округтер мен шаруашылық құрылымдары арнайы дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Кеш соңында халыққа Асан Пердеш, Нұрмахан, Ержан Қайратұлы және «Баян Сұлу» триосы ән шырқап, гала-концерт ұйымдастырылды. Отшашулармен қорытындыланған мереке тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.





