ТҮРКІСТАНДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЗАМАНАУИ ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Республика күні қарсаңында Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған жаңа Өнер орталығы ашылды.

Салтанатты іс-шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Әкім өз сөзінде жаңа орталықтың жас ұрпақтың өнер мен білімге деген қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

К.Байсеитов көшесінде орналасқан нысан биыл маусым айында жөндеу жұмыстарына беріліп, үш ай ішінде толық жаңартылды. Ғимарат заман талабына сай жабдықталып, пайдалануға берілді.

Жаңа орталықта 36 түрлі үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде робототехника, ағылшын тілі, Ясауитану, би, қолөнер және тағы басқа бағыттар бар. Қазіргі таңда 1460 бала осы үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытып жүр.

Қала бойынша бүгінде 6 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында «Оқушылар сарайы», «Ақжайық» музыка мектебі, Балалар саз мектебі және «Қолөнер мектебі» бар. Жалпы алғанда, 60-тан астам үйірмеге 3429 бала қатысады. Сонымен қатар 50 мыңға жуық оқушы мектепішілік үйірмелерге қамтылған, бұл жалпы оқушылардың 85,7 пайызын құрайды.

Жаңа Өнер орталығының ашылуы Түркістанның мәдени және білім кеңістігін кеңейтіп, балалардың шығармашылығын жаңа деңгейге көтермек.