ТҮРКІСТАНДЫҚ ШҰҒЫЛА ӨМІРБЕК ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Түркістан облысының спортшысы Шұғыла Өмірбек Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан қоржынына алғашқы жеңіс сыйлады.
55 келі салмақта күрескен Шұғыла финалда Түркия спортшысы, бірнеше дүркін Еуропа чемпионы Туба Демирді 12:8 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанды. Бұл – әйелдер арасындағы күрестен елімізге бұйырған алғашқы алтын жүлде.
Жарыс барысында түркістандық балуан мықты қарсыластарын бірінен соң бірін тізе бүктірді. Ол 23 жасқа дейінгі әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Михаэл Симонды (Молдова) 10:2 есебімен, кадеттер арасындағы әлемнің күміс жүлдегері Александра Войчилескуді (Румыния) 3:1 есебімен, ал жартылай финалда Еуропа чемпионы Амори Андрихті (Германия) 2:0 есебімен жеңді.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан U-23 әлем чемпионатында бұған дейін қазақстандық қыздар финалға шықпаған болатын. Осылайша Шұғыла Өмірбек әйелдер күресінде тарихи жетістікке қол жеткізді.
Бұған дейін бұл әлемдік додада тек ерлер арасынан екі спортшы чемпион атанған еді: 2023 жылы Сұлтан Әсетұлы (грек-рим күресі, 67 келі) және 2024 жылы Ризабек Айтмұхан (еркін күрес, 97 келі).
Шұғыла Өмірбектің бұл жеңісі – оның спорттық мансабындағы ең жоғары жетістік. Бұған дейін ол 2024 жылы Иорданияда өткен Азия чемпионатында күміс медаль иеленген болатын.





