ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАНЫМАЛ КАРАТЭШІ ӘСЕЛ ҚАНАЙҒА ҚҰРМЕТІН БІЛДІРДІ

Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев каратэ спортындағы ең беделді атақтардың бірі – «Grand Winner – 2025» мәртебесін иеленген Әсел Қанайды қабылдап, жеңісімен құттықтады.
Кездесуге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, спортшының бапкері мен сала мамандары қатысты. Жиын барысында Ертай Алтаев Әселдің жетістігіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
– Түркістандық спортшылар ел намысын абыроймен қорғап келеді. Облыс әкімдігі спортшыларға әрдайым қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда каратэден Түркістан облысы алдыңғы қатарда. Сізге тек облыс тұрғындары емес, бүкіл қазақ елі тілеулес. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының атынан алғысымды білдіре отырып, спорт жолында толағай табыстар тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кездесу соңында спортшыға қаржылай сертификат табысталды.
Әсел Қанай – каратэден халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Биылғы «Karate 1 Premier League Top-32» турнирлерінде 2 қола және 1 күміс медаль жеңіп алды. Қазір 61 келі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингте 1-орында тұр. «Grand Winner – 2025» атағы – каратэ спортындағы ең беделді марапаттардың бірі.





