ТҮРКІСТАНДА ӨНДІРІС ЖАҢАРАДЫ: ІРІ КОМПАНИЯМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ ТҮСТІ

Түркістанда экономикалық өсім мен өндірістік әлеуетті арттыру бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Осы орайда облыс басшысы Нұралхан Көшеров «Хайдельберг Материалз Қазақстан» компаниясының басқарма төрағасы Михаил Доковпен кездесіп, әріптестік бағытында маңызды келіссөздер жүргізді.
Кездесуде тараптар Төлеби ауданындағы шикізат қорларын тиімді игеру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
«Түркістан облысында кәсіпкерлік пен өндіріс саласын дамытуға толық жағдай жасалған. Өңірге бағытталған кез келген инвестиция – ел игілігіне қызмет етеді. Компания тарапынан жүзеге асырылатын жобалар – облыс экономикасының драйверіне айналуы тиіс», – деді облыс әкімі.
Компания басшысы Михаил Доков та ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдіріп, атқарылып жатқан жобалар туралы жан-жақты баяндады.
Келіссөз қорытындысында екі тарап бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге уағдаласты.
📊 Сандар сөйлейді:
Соңғы 7 жылда Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімі 2,6 есеге өсіп, 4,5 трлн теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өнімі 1 214 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімі 1 трлн теңгеден асып отыр. Ал облысқа тартылған инвестиция көлемі 1335 млрд теңгені құраса, тек биылдың өзінде бұл көрсеткіш 387,8 млрд теңгеге жеткен.
Түркістан – енді тек тарихи орталық қана емес, индустриялық даму аймағына айналуда.





