Түркістан облысы: Сауранда өндіріс өркендеп, инвестиция көлемі артты

Сауран ауданы соңғы жылдары өндірістік әлеуетін күшейтіп, экономикалық көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. 2025 жылдың қорытындысында ауданның өңірлік өнімі 147,3 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 24 пайыздық өсім көрсетті. Осылайша жалпы көлем 150 млрд теңгеге жуықтады.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың мәліметінше, өндірістік алаңдар құру жұмыстары алты ауылдық округте қатар жүргізілуде. Жоба толық іске асқанда жүзге жуық шағын цех жұмыс істеп, 1 500-ден астам адам тұрақты табыс көзіне ие болады.

Шаға ауылындағы өндірістік аймақта өткен жылы 40 нысан салынып, 16 цех пайдалануға берілді. Бұл 700 азаматтың жұмысқа орналасуына мүмкіндік берген. Қарашық ауылында 14 өндірістік ғимарат салынып жатыр, инвестиция көлемі – 4,8 млрд теңге. Иассы округінде 21 цехқа арналған жер телімі бөлініп, 6,3 млрд теңге қаржы тартылған. Қосмезгіл, Үшқайық, Жүйнек және Еңбекші Дихан елді мекендерінде де ондаған өндірістік нысанның құрылысы жалғасуда.

Алдағы кезеңде Оранғайда жиһаз өндірісі, Шорнақта құрылыс материалдарын шығару жобалары жүзеге аспақ. «Тұран» арнайы экономикалық аймағында бірнеше жаңа зауыттың құрылысы басталды. Олардың қатарында уран саласына қажетті құбырлар, бір реттік ыдыс, металл өнімдері және тағамдық қоспалар өндіретін кәсіпорындар бар. Шетелдік серіктестермен бірлескен жобалар да өңір экономикасына жаңа серпін беруде. Жалпы аудан көлемінде 83 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 500 жұмыс орны құрылмақ.

Экономиканың құрылымында ауыл шаруашылығы жетекші орында – 72 пайыз. Өнеркәсіп 15 пайызды, құрылыс 9 пайызды, сауда 4 пайызды құрайды. Биыл ауданға 71,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 105,7 пайыз деңгейінде қалыптасты.

Туризм де назардан тыс қалған жоқ. Тарихи-мәдени нысандарға келген келушілер саны 101 мыңға жуықтап, өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артты.

Инфрақұрылым саласында ауыз су, электр және газ жүйелерін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы екі жылда 13 елді мекенде су жүйелері жөнделді. Бірқатар ауылдарда электр желілері жаңғыртылуда. Қарашық пен Жүйнекке магистральды газ құбыры тартылып, тағы бірнеше елді мекенде ішкі газ желілері салынуда. Нәтижесінде аудан аумағын газбен қамту 60 пайызға дейін ұлғаяды. Ал ішкі жолдардың 74 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.