Түркістанда бағаны негізсіз өсірген сауда орындарына 28 әкімшілік шара қолданылды

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын бақылау күшейтілді. Нарықтағы негізсіз қымбаттаудың алдын алу және тұрғындарды қолжетімді бағамен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі мониторинг жүргізіліп, талапты бұзған кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар қолданылуда.

Облыс аумағындағы базарлар мен ірі сауда нысандарында арнайы құрылған мобильді топтар тұрақты түрде тексеру жүргізеді. Негізгі назар – сауда үстемесінің заңнамада белгіленген шектен аспауына аударылған. Түсіндіру жұмыстары да қатар ұйымдастырылып, кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне кіретін өнімдер бойынша баға саясатын сақтау міндеті ескертілуде.

Жыл басынан бері бағаны негізсіз көтерген сауда орындарына қатысты 28 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 102 860 теңге көлемінде айыппұл салынып, толық көлемде өндірілген. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы мұндай 97 әкімшілік шара қолданылып, 564 250 теңге айыппұл өндірілген болатын. Бұл көрсеткіштер бақылау тетіктерінің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын аңғартады.

Бағаны тұрақтандырудың тағы бір маңызды құралы – тұрақтандыру қоры. Қазіргі таңда облыстық қорда 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі жинақталған. Аталған қор арқылы өңірдегі ірі сауда желілері мен базарларға қажетті өнімдер жеткізіліп отыр. Делдалдық тізбекті қысқарту – бағаны төмен деңгейде ұстап тұрудың басты тетіктерінің бірі.

Облыс әкімдігі мен ірі сауда желілері, сондай-ақ отандық тауар өндірушілер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. Соның аясында тұрақтандыру қорындағы өнімдер 70-ке жуық сауда нүктесінде сатылымға шығарылуда. Қазіргі таңда бұл тауарлар нарықтық бағадан 10–15 пайызға арзан ұсынылуда.

Тұрғындар үшін тиімді алаңдардың бірі – апта сайын өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұнда фермерлер мен шаруа қожалықтары өз өнімдерін тікелей сатып, делдалсыз сауда жасауға мүмкіндік алады. Нәтижесінде сатып алушылар азық-түлікті нарықтағы бағадан 20–30 пайызға төмен құнмен сатып алып отыр.

Әлеуметтік қолдаудың тағы бір бағыты – өңірде жұмыс істеп тұрған 40 әлеуметтік дүкен. Бұл нысандарда бірінші кезекте қажетті азық-түлік түрлері жеңілдетілген бағамен сатылады. Әлеуметтік дүкендердегі баға нарықтағыдан орта есеппен 25–30 пайызға төмен. Мұндай дүкендер әсіресе аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін қолайлы.

Мамандардың айтуынша, бағаны тұрақтандыру тек бақылаумен шектелмейді. Нарықты тауармен жеткілікті қамтамасыз ету, өндірушілермен тікелей байланыс орнату, логистиканы оңтайландыру секілді кешенді шаралар қатар жүргізіліп жатыр. Бұл – қысқа мерзімді науқан емес, жүйелі саясаттың бір бөлігі.

Қабылданған шаралар өңір тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен тұрақты әрі қолжетімді бағамен қамтуға бағытталған. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықтағы тұрақтылықты сақтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.