Қазығұртта газобетон шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылды

Қазығұрт ауданындағы «Қазығұрт» индустриялық аймағында заманауи құрылыс материалын өндіретін жаңа нысан жұмысын бастады. «ЮКГУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған «Газобетон блогы» жобасы ауданның өндірістік инфрақұрылымын кеңейтіп, жергілікті экономиканың дамуына қосымша мүмкіндік бермек.
Жобаның жалпы құны 273 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын тәулігіне 200 текше метрге дейін газобетон өнімін шығаруға қабілетті. Құрылыс саласында кеңінен қолданылатын бұл материалға сұраныс жоғары. Жаңа өндіріс ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және құрылыс шығындарын төмендетуге ықпал етеді.
Кәсіпорын іске қосылуымен 30 адам тұрақты жұмысқа қабылданды. Бұл аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Өндірістің іске қосылуы тек жаңа жұмыс орындарын ашумен шектелмей, шағын және орта бизнеске серпін беріп, қызмет көрсету, тасымал және қосалқы өндірістердің дамуына да жол ашады.
Жоба елдегі кәсіпкерлікті қолдау және өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру саясатының аясында жүзеге асырылды. Индустриялық аймақтағы жаңа кәсіпорындар экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық белсенділікті күшейтуге және импортты алмастыруға бағытталған бастамалардың нәтижесін көрсетеді.
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректоры Дархан Ахмед-Заки өндіріс пен білім саласының өзара байланысын күшейтудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кәсіпорындар студенттердің тәжірибеден өтіп, нақты өндірістік үдерістермен танысуына мүмкіндік береді. Бұл – білікті маман даярлау ісіндегі маңызды бағыт.
Аудан әкімі Исмаилов Азизхан Әзімханұлы да жобаның Қазығұрт үшін маңызына тоқталып, өндірістік аймақтағы бастамалар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Оның сөзінше, индустриялық аймақ жаңа инвестициялық жобаларды тарту алаңына айналып келеді.
Шара барысында қонақтар өндірістік цехтарды аралап, технологиялық желінің жұмысымен танысты. Газобетон блоктарын дайындау үдерісі заманауи жабдықтар арқылы автоматтандырылған. Бұл өнім сапасын арттырып, өндіріс көлемін тұрақты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс ауқымын кеңейтіп, қосымша желілерді іске қосу мүмкіндігін қарастырады. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аудан экономикасының нығаюына ықпал етпек.
Қазығұртта ашылған жаңа өндіріс орны – индустриялық дамудың нақты көрінісі. Осындай жобалар арқылы аймақта экономикалық өсім қамтамасыз етіліп, тұрғындардың әл-ауқаты арта түспек.





