Қазығұртта әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер талқыланды

Қазығұрт ауданында кезекті аппарат мәжілісі өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиынды аудан әкімі Азизхан Исмаилов жүргізді. Басқосуға әкім орынбасарлары, аппарат басшысы, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім жетекшілері қатысты.
Күн тәртібіне алты негізгі мәселе енгізілді. Атап айтқанда, бюджет кірістерінің орындалу барысы мен шығыстардың игерілу деңгейі, өндірістік парктің жол картасының жүзеге асуы және инвестициялық жобаларды тарту жұмыстары, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы, аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуал, қызметкерлердің жұмыс тәртібін бақылау жүйесі, сондай-ақ аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
Қаржылық көрсеткіштерге қатысты сала мамандары кіріс бөлігін ұлғайту, салық базасын кеңейту және бюджет қаражатын тиімді игеру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Әсіресе жоспарланған түсімдердің толық әрі уақытылы орындалуы – негізгі басымдық екені айтылды. Шығыстардың мақсатты жұмсалуы мен мемлекеттік бағдарламалардың сапалы жүзеге асуы да бақылауда екені атап өтілді.
Инвестиция тарту және өндірістік әлеуетті арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Өндірістік парктің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жаңа жобаларды іске қосу арқылы жұмыс орындарын көбейту, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жауапты бөлімдерге әлеуетті инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізу жүктелді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың мақсатты игерілуі жеке қаралды. 2023 жылы қаржыландырылған ауыл округтеріндегі жобалардың жүзеге асу барысы талданып, несие алған тұрғындарға кеңес беру, кәсібін тұрақтандыру және табысты арттыруға қолдау көрсету қажеттігі айтылды. Бағдарлама тек қаржылай көмек емес, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту құралы болуы тиіс екені ескертілді.
Қоғамдық-саяси ахуал жөнінде тұрақтылықты сақтау, тұрғындармен кері байланысты нығайту және әлеуметтік желілердегі өзекті мәселелерге жедел жауап беру міндеті қойылды. Ақпараттық ашықтық пен түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру да басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді.
Сонымен қатар ішкі еңбек тәртібін сақтау, цифрлық бақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру мәселесі қозғалды. СКУД жүйесінің «Е-қызмет» платформасымен ықпалдасуы қызметкерлердің жұмыс режимін бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретіні айтылды. Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру үшін тәртіп пен жауапкершілік басты талап екені баса айтылды.
Жиын соңында аудан әкімі барлық жауапты тұлғаларға белгіленген бағыттар бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Әр индикатордың сапалы әрі уақытылы орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді. Әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтап, көрсеткіштерді жақсарту – аудан әкімдігі жұмысының негізгі мақсаты болып қала береді.





